Әрбір жүкті әйел үшін жүктілік – ағзада үлкен физиологиялық өзгерістер жүретін ерекше кезең. Жүктіліктің соңғы апталарында болашақ ана босанудың жақындағанын білдіретін алғашқы өзгерістерді байқай бастайды. Бұл өзгерістердің барлығы бірден босану басталды дегенді білдірмейді. Кейбірі ағзаның табиғи дайындық кезеңі болса, енді бірі босанудың алғашқы нақты хабаршысы болуы мүмкін. Сондықтан босану белгілері мен ай толғақты ажырата білу ана мен сәби үшін өте маңызды.
Ай толғақ деген не? Босанудың алғашқы белгілері
Жүктілік кезінде ай толғақ қалай пайда болады?
Жүктілік кезінде нәрестенің дүниеге келуіне дайындық ретінде жатырдың бұлшық еттері мезгіл-мезгіл жиырыла бастайды. Осындай жиырылу халық арасында ай толғақ немесе жалған толғақтар деп аталады. Олар көбіне жүктіліктің соңғы апталарында пайда болады және ағзаның қалыпты физиологиялық дайындығының бір бөлігі болып саналады.
Ай толғақ кезінде жатыр босануға жаттығады, бірақ жатыр мойнының ашылуы әлі басталмайды. Сондықтан мұндай толғақтардың болуы көптеген әйелдер үшін қалыпты жағдай. Олар әр әйелде әртүрлі болуы мүмкін: біреулерінде жиі байқалса, енді бірінде мүлде сезілмеуі де мүмкін.

Жалған толғақ қалай сезіледі?
Көптеген аналарды жалған толғақ қалай өтетіні қызықтырады. Көбіне іштің төменгі бөлігінің тартылуы немесе іштің уақытша қатаюы сезіледі. Бұл кезде жатырдың бұлшықеттері қысқа уақытқа жиырылады, кейін қайта босаңсиды.
Мұндай толғақтар әдетте ретсіз келеді, ауырсынуы қатты болмайды және демалғаннан кейін немесе дене қалпын өзгерткен соң басылып кетеді. Олар көбіне 30–60 секундқа созылады, бірақ аралығы тұрақты емес. Кейде бірнеше сағат байқалып, кейін өздігінен тоқтауы мүмкін.
Жалған толғақ пен нағыз толғақтың айырмашылығы
Ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі – толғақтың қайсысы босанудың басталғанын білдіреді?
Толғақ деп жатырдың ырғақты жиырылу процесін айтады. Бірақ барлық толғақ босану емес. Жалған толғақ ағзаны босануға дайындайды, ал нағыз толғақ нәрестенің дүниеге келу процесінің басталғанын білдіреді.
Нағыз толғақ кезінде жатырдың жиырылуы және жатыр мойнының біртіндеп ашылуы қатар жүреді. Бұл босанудың басталғанының ең нақты белгісі.
Нағыз толғақтардың ерекшелігі – олардың уақыт өте келе жиілеп, қарқынды бола түсуі. Алғашында олар 20–30 секундтан созылса, кейін ұзақтығы шамамен бір минутқа жетеді. Толғақтардың аралығы біртіндеп қысқарып, ауырсынуы күшейеді. Егер демалғаннан кейін де толғақ басылмаса, бұл босанудың басталғанын көрсетуі мүмкін.

Босанудың алғашқы белгілері
Әрбір әйелде босанудың алғашқы белгілері әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен көп жағдайда төмендегі өзгерістер байқалады:
- тұрақты толғақтар басталады
- қағанақ суының ағуы;
- шырышты тығынның шығаруы;
- аз мөлшерде қан аралас бөлінділердің болуы;
- жамбас аймағында қысым сезімінің артуы;
- нәрестенің басы төмен түскендіктен тыныс алудың жеңілдеуі.
Бұл өзгерістердің бір немесе бірнешеуі қатар байқалса, ағза белсенді босану кезеңіне дайындалып жатқанын білдіруі мүмкін.
Толғақ басталғанда не істеу керек?
Толғақ басталғанда ең алдымен сабыр сақтаған жөн. Толғақтардың ұзақтығын және олардың аралығын бақылаңыз. Ол үшін таймерді немесе арнайы мобильді қосымшаны пайдалануға болады. Бұл ақпарат дәрігерге босану кезеңін дұрыс бағалауға көмектеседі.
Егер толғақ әр 5 минутқа қайталанып, бір сағат бойы тұрақты жалғасса, бұл белсенді босану кезеңінің басталғанын көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар қағанақ су кетсе, көп мөлшерде қан бөлінсе немесе нәрестенің қозғалысы азайса, медициналық көмекке шұғыл жүгіну керек.
Осы кезеңде дұрыс тыныс алу техникасын меңгеру де өте маңызды. Терең тыныс алу анаға босаңсуға көмектесіп, толғақ кезіндегі жайсыздықты жеңілдетуге ықпал етеді.
Қашан дәрігерге қаралу керек?
Көптеген болашақ аналарды қашан дәрігерге қаралу қажет деген сұрақ мазалайды. Егер егер толғақ тұрақты болып, ауырсынуы күшейсе, қағанақ суы кетсе немесе қан кету байқалса, перзентханаға баруды кейінге қалдырмаған дұрыс. Әсіресе мұндай белгілер жүктіліктің 37-аптасына дейін байқалса, бұл ерте босанудың белгісі болуы мүмкін.
Сондай-ақ дене қызуы көтерілсе, қатты әлсіздік байқалса немесе нәрестенің қозғалысы сиресе, міндетті түрде дәрігердің кеңесін алған жөн.

Босануға қалай дайындалуға болады?
Және босану кезеңіне дұрыс дайындалу болашақ ананың өзін сенімді сезінуіне көмектеседі. Жүктілік кезіндегі жоспарлы тексерулерден уақытылы өтіп, дәрігердің ұсынымдарын орындау, дұрыс тамақтану және жеткілікті демалу өте маңызды. Перзентханаға қажетті заттарды алдын ала дайындап қойған жөн.
Ең бастысы ағзаңыздағы өзгерістерді мұқият бақылау. Ай толғақ пен нағыз толғақтың айырмашылығын білу босану басталған сәтті дер кезінде тануға мүмкіндік береді. Кез келген күмәнді жағдай туындаса, өз бетіңізше шешім қабылдамай, маманның кеңесіне жүгінген дұрыс. Бұл ана мен нәрестенің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең сенімді жолы.